2014 жылдың 9 маусымында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әскери кафедрасында әскери-дала жиыны басталды. Оның басты мақсаты – курсанттардың теориялық білімін тәжірибеде шыңдау және әскери техниканы пайдалану әдіс-тәсілдерін үйрену. Әскери-дала жиыны Астана қаласының шетінде орналасқан 65668 әскери бөлімінде өтуде.

Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша оқып жатқан 200-ден астам студенттің әскери дайындығының соңғы және шешуші кезеңі. Аталмыш шаралар әскери пәндерді оқу барысында алынған теориялық білімді тексеру, тәжірибеде оны ұштастыру мақсатында өткізіледі. Университет студенттерінің әскери дайындықтары екі әскери – мамандық бойынша жүргізіледі. Ол «Мотоатқыштар бөлімдерін, бөлімшелері мен құрамаларды БМП-да ұрыста қолдану» және «Мотоатқыштар бөлімшелеріндегі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастыру». Курсанттар әскери кафедрада екі жарым жыл оқып, жалпы әскери пәндер бойынша алған білімдерін осы дала жиынында шыңдай түседі.

Әскери-дала жиынының бастығы, Н.Мамбетовтың айтуынша, әскери жиын кезінде болашақ лейтенанттар өздерін нағыз әскери азамат сезініп, рухани, тұлғалық, психологиялық жағынан жақсы қалыптасады. Әскери өмірдің қиыншылығы неде екенін сезіну сәтін бастан өткереді. Әскери адамдар арасындағы ауызбіршілік, достық, ынтымақ дегеннің қандай болатынын сезінетін уақыт.

Дала жиынының басталуынан үш күн бұрын студенттер қатарынан кіші сержанттар тобы құрылды. Олар өз бөлімдері мен бөлімшелерін басқарып, жұмыстарын жоғары дәрежеде көрсетіп жатыр. Жиын бастығы және оқытушы-офицерлер сержанттарды Жарғы бойынша дайындап, нық сеніммен қарап, жауапкершілігіне көз жеткізуде. Студенттер жиында – курсант болып, Отан алдындағы борышын атқарып жүр.

Шатыр астында түнеп, ауа райының ыстығы мен суығына төзіп жүрген курсанттар одан әрі жігерленіп, лейтенант атағын алуға ұмтылыста. Әр пәннен тәжірибе жүзінде оқулар мен жаттығулар жүргізіледі. Мысалы, атыс пәнінен АК-74 мен ПМ қаруынан нысанаға оқ ату, әскери тактика сабағынан тез арада бірнеше окоп қазу, тәрбие және әлеуметтік құқықтық әдістеме сабағынан жоспар құру. Жоғары көрсеткіш көрсеткен курсанттар командирдің марапаттауымен қоса апта сайын қабырға газеті мен жауынгерлік парақшада жазылады. Жиынның далада өткеніне қарамастан, лагерьде курсанттардың жаңа жағдайларға бейімделуі мен әлеуметтенуінің оң бағытта өтуін қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесі жасақталған. Бұл бөлмеде курсанттар бос уақытын теледидар көріп, кітап оқып, музыкалық аспаптарды және шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын ойнап өткізеді.

«Курсанттар оқ қаруынан бірінші рет атса да, биік көрсеткіштер көрсетті. Әрине, бұл сарбаздардың еңбегі. Біріншіден, қауіпсіздік шараларын толық сақтады. Екіншіден, жаппай мықты дайындалды. Айта кетсем, ПМ-нен нысанаға 30-дан 30 ұпай жинаған курсанттар саны аз емес. Курсанттардың нағыз ержүректі азамат етіп шығару менің бірден бір міндетім. Осы мақсатқа жету үшін барлық офицерлер бар күшін салып жұмыс атқаруда» деп мақтанышпен айтты 2-рота командирі подполковник Н.Ерғашев.

Ал қатардағы курсанттар болса, «Бірінші үш күн қиын болды, одан кейін әскери өмірге үйреніп кеттік. Тамағымыз тоқ, ішетін су мөлшері де жеткілікті. Кешке қарай кесте ретімен спорттық ойындар, музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтып тұрамыз, бұл да бізді жігерлендіре түседі»-дейді.

Тағы айта кететін жәйт, 15 маусымда Әскери кафедраның бастығы генерал-майор У.Б. Еламанов 62 жасқа толды. Курсанттар мен оқытушы-офицерлер таңғы саптық жиында Уәли Бисақанұлының суреті бар портрет силап, ән айтып, жыр арнап құттықтаса, көрші шатырларда орналасқан Қазақ заң университетінің әскери кафедрасының бастығы мен курсанттары арнау айтып құттықтады. Генерал-майор ризашылығын білдіріп, алғысын айтып, курсанттарға Ант қабылдау рәсімін жақсы өтуіне тілектес болды.

22 маусым күні осы курсанттар өмірдің жаңа қадамын басып, әскери Ант қабылдайды. Бұл іс-шараға сарбаздар өте мықты дайындалуда. «Кәсіпқой маман – армия негізі» демекші, Еуразия ұлттық университі Әскери кафедрасының басшылығы мен оқытушы-офицерлер құрамы Қазақстан Республикасының білімді де, білікті әскери мамандардың санын көбейтеді деген ниеттеміз.

Мақсұт Насибулов